Жадыраған жаз кетіп, қаһарлы қыс та келді. Жайдары жаз күндерін бақ ішінде демалысқа айналдырған гүл сүйер қауымды  қыс  жылы бөлмеден шығармайды. Қыс айлары «тыныш мезгіл» деп аталады. Яғни, осы уақыт аралығында өсімдіктердің өсу процесі тоқтап, қысқы ұйқыға кетеді. Егер, бақ іші ақ қар астында да жайқалып тұрсын десеңіз, аулаңызға мәңгі жасыл жапырақты өсімдіктерді көптеп отырғызыңыз. Оларға бұтақты ағаштардан – жәмшит, қабыржық, махоня, бөріқарақат, ырғай жатса, қылқан  жапырақтылардан бозарша, арша, таксус, кипарис, шырша, самырсын, қарағай түрлері жатады. Аталған өсімдіктер қыс кезінде де жап-жасыл болып аулаға көрік сыйлайды. Тіпті, жаңа жыл мерекесі қарсаңында оларды әдемі ойыншықтармен безендіруге де болады.

Қысқы уақытта шөптесін өсімдіктермен қоса  үлкен ағаштар мен қылқан жапырақтылар да суықтан зиян шегеді. Бұл өсімдіктерді қысқы суықтан қорғаудың бірнеше жолы бар.

  1. Аулаға егілетін өсімдіктің сол аймақтың климатына шыдамдылығын білу басты міндет. Сатып алынған өсімдіктің сапасына (ауырған, бұтағы сынған, жапырағы сарғаюдан аулақ, ашық тамырда ма?) мән беру. Кез келген өсімдіктің түбекте өсіп тұрғанын алу керек. Түбекте егілген өсімдік отырғызылғаннан кейін де ауырмайды. Кейде өсімдіктерді химиялық дәрілердің күшімен өсіріп сатады. Алған әрбір гүліңізді қандай жылыжай өсіргенін біліп жүріңіз.
  2. Гүлдердің жақсы өсіп кетуіне мүмкіндік жасау. Жаздың екінші жартысында өсімдіктердің бұтағы биіктеп өсуін тоқтатып, сыртына қабық пайда болады. Осы қабық өсімдікті қысқы суықтан қорғайды. Қабықсыз бұтақты өсімдіктер көктемге жетпей, қурап қалады. Бұл әсіресе Оңтүстік аймақтың өсімдіктерінде кездеседі. Олар жаздың екінші жартысында да өсіп, бұтақтары қатайып, қабықтанбай қалады. Сондықтан өсімдіктерді шілде айынан бастап көктемге дейін қоректендіруге болмайды.
  3. Жылы жақтан әкеліп отырғызылған кез-келген өсімдікті алғашқы қардан кейін орау керек. Үскірік пен суық жел олардың жапырағы мен сабағын үсітіп жіберуі мүмкін. Сондықтан жаңа отырғызылған өсімдіктерді жерсінгенге дейін (2-3 жыл) орап қояды. Ал, бірқатар нәзік гүлдерді жыл сайын орап, суықтан қорғауға тура келеді. Олар: родедендрон, раушан, шығысгүлдері. Гүлдерді күздің жылы күндерінде орауға болмайды. Себебі, өсімдіктер төменгі температураға бой үйретулері керек. Күзгі суық өсімдіктерге зиян әкелмейді.
  4. Қыстың екінші жартысында күннің лезде жылуы қылқанжапырақты және мәңгі жасыл жапырақты өсімдіктерге зиян келтіреді. Күн жылып кеткен күндері қылқанжапырақтылардың бетіне қап жауып қою керек. Жабылған қапты жердегі қар толығымен ерігенде ғана ашады. Бір-екі жылдан соң өсімдік жерсінеді де, оларды орап, жабу қажет емес болып қалады.

 

Шырша бұтақтарымен орау

Шыршаның қылқанды бұтағы өсімдікті қардан, ызғарлы суықтан қорғайды. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қызметкерлерінің зерттеуінше қысқы суық -30 С температураны көрсетсе, шырша бұтағының орамының ішкі температурасы -5 С –тан төмен түспейді екен. Тіпті олар қыстың кейбір күндері жылы болса, өсімдіктерді күйіп кетуден қорғайды. Яғни, ауа темпертурасы +32 С жылы болғанда, шыршаның іші +5С  жылылықты көрсетіп, қалыпты температураны ұстайды.Бірақ бұндай жасанды күркенің астында тышқандар көптеп тіршілік етіп, өсімдіктің қабығын, бұтағын кеміреді. Олар әсіресе жидекті ағаштарға жақын. Олардан құтылудың оңай жолы өсімдікті бидай салынатын қаппен  орау. Өсімдіктерді орағанда абай болу керек. Егер, оларды қымтап жатқанда бұтағын сындырып алсаңыз немесе басқа жағдайлар болып жатса, өсімдік зақымданады. Сондықтан ораудың алдында өсімдіктің бұтақтарын біріктіріп байлау керек. Ал, бұтағы сынғыш өсімдіктерді байластыруға болмайды. Оларды арнайы жасалынған  жәшіктермен жабады. Жәшікті кендір жіптен тоқылған қаптардан  жасауға болады. Жас қылқан жапырақтылар үшін үшбұрышты күрке де жарайды.

 

Қардың пайдасы

Қыстың қарсыз, ызғарлы күндері өте қауіпті. Олар оралған бақша өсімдіктерін де үсітіп жіберуі мүмкін. Қарсыз, суық күндер 2-3 күнге созылса ештеңе емес. Сондықтан шетелден әкелінген гүлдерді жел өтінен аулақ ыққа отырғызады. Қар қалың жауған кезде қылқанжапырақтылардың бұтағына қонған қарды түсіріп тұру керек. Ал, керісінше қар жаумаған күндері өсімдіктің түбіне қар жинақтауға тура келеді. Себебі, қысқы күндерде бұтақтылардың тамыры мен төменгі бұтақтары ызғарлы суықтан кеуіп кетеді.

 

Өсімдіктердің көктемгі күтімі

Көктемде ауа температурасы 0-+5 С жылылыққа жеткенде қар ери бастайды. Осы уақытта өсімдіктерді орамдардан ашу керек. Бұл әсіресе наурыз айының екінші жартысында басталады. Бұны бірден жасауға болмайды, алдымен беткі орамды шешіп, бірнеше күннен соң қапты алып тастайды. Өсімдікті орауға мата да жарайды. Бірақ оның ақ және қара түсін таңдамау керек.

 

Көгалды қорғау

Көгалды тамыз айынан бастап қоректендірмейді. Қар жауардың алдында қанша биіктеп өссе де көгалды қырықпаңыз. Қар жауғанда көгалдың бетімен жүруге болмайды. Адамның салмағынан қар жинақталып, мұзға айналады. Мұз астындағы көгал тыныстай алмай қурап кетеді. Кез келген адам үйдің құрылысын өзі жүргізіп, үйдің интерьерін өзі жасап, гүлді де өзі таңдағысы келеді. Бірақ гүл таңдауда білікті маманның кеңесі қажет екенін ұмытпаңыз.

 

Суыққа шыдамсыз өсімдіктер: қабыржық Форчуна (Euonymus fortunei), қара аюбадам

(Sambucus nigra), бөрітарақ (Hibiscus), үлкен жапырақты шығысгүлі (Hydrangea macrophilla), кипарис Лоусена (Chamaecyparis lawsoniana), жапон үйеңкісі(Acer japonicum), ұзын жапырақты пираканта (Pyracantha angustifolia), Гриффита қарағайы (Pinus griffithii).

Write A Comment