Көгалдандырудың көптеген стильдері бар. Солардың ішінде жапон стилін ерекше атап өтуге болады. Жапонияда жер алтынмен тең бағаланады. Сондықтан жердің аздығынан, жапондық мамандар көгалдандыруды кішкентай ғана жер көлеміне жасауға әбден шыңдалып алған. Аз жерде де олар қиғаштау бақ жолдарын, мүсіндерді, бонсайды жарасымды  орналастыра біледі. Аталған стильде тас пен су негізгі элемент ретінде қолданылады. Ал, бақта су мен тастың орналасқандығын  қалайтындардың саны аз емес. Жапон стилінде тас пен судың неліктен ерекше мәнге ие екендігі жайлы баяндап берейік.  

 Жапондықтар өз бақтарында тастарға ұзақ қарап отырғанды ұнатады. Олардың ойынша тастың өзіндік бір қасиетті күші бар дейді. Сонымен қатар, осы әдемілікке, тас пен суға қарап отырып, күнделікті өмірдің қиыншылығын ұмытып, рухани азық аласың деп пайымдайды. Бұл рас та шығар. Неге десеңіз, тас үстінен сылдырап ағып жатқан судың дыбысын естігенде кез келген адамның тынығып қалатынын жасыруға болмайды. «Егер қиын жағдайдың шешімін  қателеспей тапқыңыз келсе, табиғатқа жақын болыңыз, табиғатпен тілдесіңіз,»- деген дана сөз күншығыс елінде айтылған. Жапон бағы табиғаттың бір кішкентай бөлігі деуге болады. Осындай бақ негізгі бес тармақтардан тұрады. Ең бастысы – рухани жағы, қалған төртеуі – тас, су, өсімдік және адам мен табиғаттың байланысын білдіретін мүсіндер. Жапон бағы өз ішінен бірнеше түрге бөлінеді. Бірақ олардың барлығының ортақ бір белгілері бар: тік сызықтардың, геометриялық пішіндердің болмауы, тас пен судың үйлесімділігі, гүлдейтін аласа бойлы өсімдіктер егу, жасыл, сұр, қоңыр түстерді қолдануы және бақтың бамбук таяқшаларымен қоршалуы. Әсіресе, жасыл түс жапон бағының өзгешелігі, яғни жапон стиліндегі бақтарда жасыл түс көп қолданылуы керек деген мамандардың тұжырымы бар. Тек бір әдемілікті айқындай түсу үшін, жасылдан басқа түстер аз мөлшерде алынады. Оған әлпеншек, магнолия, сакура және шәңгіш өсімдіктері жарайды. Күз кезінде үйеңкі (Acer palmatum)  мен көрікталдың (Cornus Kousa) жапырақтары ерекше әдемі түстерге енеді.

Ең негізгі есте сақтайтын жайт – жапон бағының сырт көзден, көршілерден  тыныш жерде орналасуы керек екендігі. Сондықтан, бақтың жасыл қоршауы ретінде жылтыр қабықты ырғайды (Cotoneaster lucidus) немесе тік өсетін тобылғыны (Spiraea x arguta) қолдануға болады.

 

ТАС  ЖӘНЕ СУ

Тас жапон бағында ер азаматтың  – Ян деген күшін білдірсе, су және суқоймалары, сарқырамалар – кері әсерлі, әйел ананың – Инь деген күшін білдіреді. Ежелден осы екі күштің бір-біріне деген қарсылығы, айырмашылығы, айырылмас бір тұтастығы әлемнің пайда болуына себеп болған делінеді. Әдемі тастарды пайдалану арқылы табиғи таудың пейзажын жасай аласыздар.Жапон бағында қолданылатын – тастардың саны тақ (3 немесе 5,7 т.б. ) болуы шарт және тастарды жеке немесе топтап орналастыру керек.

Жапон бағындағы су өмірдің, тіршіліктің, тазарудың белгісіндей, ал, оның сыңғырлаған үні уақыттың өтіп, зымырап жатқандығын бейнелейді. Сарқырамалар мен суқоймаларының пішіндері де адамды қызықтыратындай жасалынуы қажет. Ұсақ тастардан құрғақ  көлшіктер немесе бұлақтар жасау мүмкіндігі бар. Бұл жағдайда судың мөлшері көп қажет етілмейді. Суда тұңғиықгүл түрлерін өсіруге болады. Сужиярдың тереңдігі 150см биіктікте жасалса, онда балықтарды да ұстауға болады. Осындай тереңдікте олар қыстай да алады.

 ӨСІМДІКТЕР

Тұрақтылықты білдіретін тастарға қарағанда, бақтағы өсімдіктер табиғаттың өзгеруін, алмасуын көрсетіп тұрады. Жапон бағын жасағанда, бірінші тастардың орны белгіленіп, орнатылып болғаннан кейін ғана, ағаштар, бұтақты өсімдіктер, гүлдер таңдалады.

Өсімдіктерді таңдаған кезде олар түсіне, жапырақтарының, сабағының  пішініне қарай алынады. Тік өсетін, пирамида тәріздес, жан-жағына тарап өсіп кеткен өсімдіктер егуге болмайды. Бақтағы өсімдіктер жақсы күтілген болуға тиісті. Сондықтан ең тиімдісі — мәңгі жасыл өсімдіктерді қолдану. Егер, жапон бағында бос жерлер қалса, оларды «ма» (бос кеңістік деген мағынаны білдіреді) – деп атайды. Ондай жерлерге бозкілем немесе мүк егіп тастауға болады. Ал, ағаштар мен бұтақтыларды топтап отырғызған дұрыс. Оларды үнемі түрлі пішінге келтіріп қырқып отыру керек.  Үлкен тастардың маңына әсіресе, қарағай еккен жақсы көрінеді, оның үстіне қарағай жапон бағының сүйікті өсімдігі болып есептелінеді. Себебі, қарағай ұзақ ғұмырдың белгісі деп жоғары бағаланады. Бақытгүлі, таушымылдық және жалғанбалы раушан секілді гүлдер де ерекше беделге ие. Жасанды көлшіктердің жағалауына түбіртек (Sempervivum)  өсімдігін, бөріқарақаттың  қызыл жапырақты (Berberis thunbergii  «Aypea») түрін егуге болады.

 

МҮСІНДЕР

Жапон бағына тастан жасалған шамдарға, кішкентай көпірлерге және бамбуктан тоқылған заттарға баса назар қойылады. Шамдардың маңына көбінесе қырыққұлақты отырғызады.  Шай ішуге арналған демалыс бұрышында міндетті түрде қол жуатын тастан жасалған үлкен табақ қойылуы керек. Оны бақтың ортасына немесе жасыл қоршаудың алдына орналастырған дұрыс болып есептелінеді. Су құйылған табақтың бетінде үйеңкінің жапырақтарын қалқытып қойса өте әдемі. Осындай ғажап бақтың ішінде көк шай ішіп демалғанға не жетсін!

 

Жапон бағына егілетін өсімдіктер         

ТОПТАП ЕГІЛЕТІНДЕР:

* Сакура (Cerasus tomentosa)

* Қызылжапырақты алма ағашы (Malus hybrida)

* Шырша (Picea abies)

 

ЖЕКЕ  ЕГІЛЕТІНДЕР:

* Тау қарағай  (Pinus mugo «Mini Mops»)

* Қарағай (Pinus mugo «Mops»)

* Веймут қарағайы (Pinus strobes «Radiata»)

* жайыла өсетін арша түрлері (Juniperus Sabina «Variegata»)

* Төменге қарай құлап өсетін арша (Juniperus squamata «Blue Star»)

 

ТАСТАРДЫҢ ТҮБІНЕ  ЕГІЛЕТІН ӨСІМДІКТЕР:

* Кипарисовик (Chamaecyparis pusufera «Filifer Aurea Nana»)

* Жайыла өсетін арша (Junipera horisontalis «Andorra Compact»)

* Арша (Juniperus squamato «Blue Carpet»).

Write A Comment