Әрбір адам аулаға көгалдандыру жұмыстарын жүргізгенде міндетті түрде шағын су қоймасын, сарқырама немесе көлшік пен бұлақ жасағанды ұнатады. Себебі, сарқыраған су табиғи әдемілігімен қатар адамның жүйке жүйесінің жақсы жұмыс жасауына әсер етіп, сабырлыққа шақырады. Бірақ, үй иелерінің көпшілігі сулы бақ жасаудан бас тартады. Себебі, судың ішінде, жанында гүл өсіру қиын және өспейді деп ойлайды. Шындығына келсек Қазақстанның көгалдандыру саласында жүзден астам су гүлдерінің түрі бар. Ал, су жағалауына ылғалдылықты жақсы көретін бақша өсімдіктерінің барлығын өсіруге болады. Сумен жасалынған бақ басқа бақтарға қарағанда ерекше әдемі және көз тартатын бөлшектері көп. Мысалы, онда тек сылдырлап аққан су ғана емес, көпір, су гүлдері, балық, су жағалауына қойылған тастар, шам секілді заттардың барлығы дерлік бақшаға үйлесімділік береді. Бұрын-соңды жасанды көлшік, сарқырамалар тек бетон, батпақ және тастан жасалынатын болса, қазіргі кезде сапасы жоғары желім, су өткізбейтін өзінің көлемінен 3 есеге созылатын арнайы полиэтилендер іске қосылды және сарқырамалардың жасалу жолы да өзгерді. Гүлпаздарға тапсырыс берсеңіз су жүйесінің жақсы сақталуына (бұзылмауына, судың ағып кетпеуіне, жарылмауына) кепілдік те береді. Бірақ, тапсырыс қымбатқа түсуі мүмкін. Егер, жасанды көлшік, бұлақ, сарқыраманы өзіңіз жасауды шешсеңіз бүгінгі мақаламыз сізге үлкен көмек болады.

Алдымен жасанды су жүйесі ауланың қай жерінен орын алатынын ескеріңіз. Су жүйесі аулаға кірген адамның көзіне бірден түсетін,  жаяу жүргінші жолына кедергісін тигізбейтіндей ашық жерде орналасқаны жөн. Шағын аулалар үшін тазалауға оңай, үнемді су жүйесін жасайды. Тиімді болу үшін жасанды сарқырама, бұлақты шағын альпі шоқысымен жалғастырып жіберген дұрыс. Бүгінгі мақаламызда альпі шоқысынан бастау алатын бұлақ және көлшіктің жасалу жолы жайлы жазбақпыз.

Қажетті заттар: цемент, тор темір, су өткізбейтін арнайы полиэтилен, ұсақ су тастары, жалпақ, жұқа тастар (плетняк), су жүйесін айналдырып іске қосып отыратын насос, су жүретін үлкен керней (диаметрі 40-50), шланг және су жүйесін реттеп отыратын кран керек.

Write A Comment