Қысқы бақ және ас үйлеріне үй жағдайында лимоннан басқа мандарин, апельсин, каламондин, грейпфрут, анар, ананас, қымқуаттарды өсіруге болады. Қызыл, сары гүлдермен қатар жеміс ағашының да үйде өскені әдемі емес пе?!Қалауын тапсаң қар жанады демекші дұрыс күтім жасап, көңіл бөліп тұрсаңыз үй жағдайында көптеген жемістерді де өсіруге болады.  

Апельсин (Citrus aurantium) – жемісі тәтті қышқыл, жапырағы жылтыр қабықты ағаш тәрізді өсімдік. Басқа цитрустар сияқты апелсин де жарық күнді, ылғалды ауаны ұнатады. Жерорта теңізі, Түркіменстан, Иран секілді мемлекеттерде жеміс ағашы санатында аулада өсіріледі. Ауа температурасы -50С-дейінгі төменгі суыққа шыдай алады. Жемісті мол салатынымен ерекше. Табиғатта 8-10м биіктікке жетіп, 4 метрге жайылып өседі.Үй жағдайында 1,5-2,5м биіктікте өседі. Өте жай өсетіндіктен, қанша уақыт өтсе де пішінін бұзбайтындықтан, үй жағдайында сәндік мақсатта өсіреді. Апельсин жылына бір рет наурыз айында гүлдейді. Гүлдері ақ түсті, бес күлтелі, керемет хош иісті. Гүлдеп болған соң түйін салып, жеміс береді. Бірақ, жемісін қараша айының екінші жартысынан наурыз айына дейінгі аралықта жинайды. Үй жағдайында өсетін апельсиндер дұрыс күтім көрсетілсе ғана гүлдеп, жеміс береді. Ыдыста өсірілген апельсинді жыл сайын күзде ыдысын ауыстырып, қайта отырғызу керек. Өсімдіктің жас көшеті  7-8 жылдан соң ғана жеміс береді.

Анардың (Punica) – жай түрлері үй жағдайында жақсы өседі. Оның аласа бойлы сұрыптарын түбекке егіп, терезе алдына қойып, бөлме безендіруге қолданады. Жапырағы жіңішке, ұзын 2,5см. Ал, қызыл қоңыр гүлі жапырағынан үлкен, пішіні қоңырау тәрізді. Анар негізінен жазда гүлдейді. Ал, үй жағдайында өсірілген анар күзде немесе көктемде де гүлдеуі мүмкін. Анар бірден гүлдеп, толық жеміс бере салмайды. Оның бір бұтағының басында жемісі пісіп тұрса, келесі бұтағы енді гүл түйінін салып жатады. Жемісінің түсі мен гүлінің түсі қатты ұқсайды. Кәдімгі анар үй жағдайында 1 метрге жетеді. Жазда ашық күнде, ал қыста ала көлеңке, ылғалды жерде өсіру керек. Қыс кезінде жапырақ түсіріп, уақытша демалыс жасайды. Көктемнен күзге дейін молынан суғарады. Қыста суғару азайтылады. Жаз кезінде жапырақтарына үнемі су бүркіп тұрған пайдалы. Қалемше арқылы көктемде көбейтеді. Қалемше тез тамырлануы үшін, көшет егілген ыдыстың астын қыздырып тұрады және фитогармондар қолданылады.

Ананас (Ananas) – бізге жеміс ретінде ғана таныс. Ал, көптеген елдерде ананас ерекше жапырақты бөлме гүлі санатында өсіріледі. Үй жағдайында 0,8-1м биіктікке жетіп, күлгін қызыл гүл жарады. Жапырағының ұзындығының өзі 70см-ге жетеді. Ананас жай жапырақты, ақ ала және қызыл ала жапырақты болып 3-ке бөлінеді. Үй жағдайында ананастың «Variegatus» деп аталатын ала жапырақты жиегі ара тісті түрі көп өсіріледі. Жапырағының астының түсі түріне байланысты күлгін, қызыл, сары болады. Ананастың жемісін жеп болған соң жапырақпен жалғасқан түбірін тастамай торф, құм араласқан жеңіл топыраққа отырғызып, бетіне полиэтилен жауып, күнделікті су бүркіп күтім көрсетсе бір айдың ішінде тамырланады. Осылайша тамақ ретінде жеген ананасты ары қарай гүл ретінде өсіруге болады. Үй жағдайында өскен ананастың жемісі жеуге жарамсыз. Себебі, өсімдік гүлдеп жеміс беруі үшін топырағына түрлі химиялық заттар салынады және үй жағдайында өскен ананастың жемісі дәмді болмайды. Бәрі де тек сән үшін екенін ұмытпаңыз.

Лимон (Citrus limonum) – көпжылдық мәңгіжасыл бұтақты өсімдік немесе кішігірім ағаш. 20-ға жуық түрі мен сұрыпы белгілі. Жапырағындағы эфир майы әсерінен өсімдік жағымды хош иіс бөліп шығарады. Лимонды жақсы күтіп-баптаса үй жағдайында да гүлдеп, жеміс береді. Лимонның дәнінен шыққан көшеті 15 жылдан кейін, қалемшеден өскені 7 жылдан соң ғана гүлдеп, жеміс салады. Дәннен шыққан көшеттің бойы 25 см-ден асқаннан кейін жеміс беретін ағаштың бір бұтағымен телу жұмыстарын жүргізу керек. Себебі, тұқымнан өнген көшет гүлдемейді. Ал, гүлдемеген ағаштың жеміс бермейтіні белгілі. Гүлдеген лимонның жемісі піскенге дейін жапырағы мен гүлдері өздігінен түсе бастайды. Бұл әдетті құбылыс. Бір лимон жемісі толық жетілу үшін кемінде 15-20 дана жапырақ керек. Сондықтан сабақ бойындағы жапырақтарды санап, артық гүлдерді қолыңызбен теріп тастаңыз. Тұқымын себу және бұтағын қалемшелеу арқылы көбейтеді.

Тік күн сәулесінен алшақ, жарық жерлерде өседі. Температура жазда 15-18º С, қыста 10ºС-тан жоғары болуы керек. Жаз айларында жиі, қыста бірқалыпты суғарады. Жапырағына күнделікті су бүркіп отырған жөн. Лимон ағашы жиі орын ауыстырғанды ұнатпайды. Жапырағына шаң тұрса да гүлдемей қояды. Өсімдіктің ыдысын айына екі рет күнге қаратып бұрып отыру керек. Лимонның гүлдеу кезінде ауа температурасының күрт өзгеруі гүлдердің түсіп, жемістің солуына әкеліп соғады.

Бөлме жемістерінің басты күтімі

Цитрус ағаштары  үй жағдайында өздігінен жапырақ түсіреді. Бұл жағдай ас үй, қонақ  бөлмелеріндегі жеміс ағаштарының жанына алма, алмұрт қойылса жиі болады. Себебі, дәнді жемістерден этилен бөлініп шығып цитрустарға кері әсерін тигізеді. Соның салдарынан цитрустардың жапырақтары түгелімен түсіп қалуы да мүмкін. Ал, кейде ананасты гүлдетіп жеміс беруі үшін ананастың ыдысының жанына екі дана алманы қойып, сыртын полиэтиленмен жауып қойса, өсімдік алмадан бөлінген этиленнің көмегімен жеміс салады. Осылайша үйде өсірілетін жемістер үшін алманың оң, кейде кері әсері бар. Бөлмедегі ауа температурасы 100С төмен болған жағдайда цитрус ағаштарының жапырақтары, жемістері түсіп қалады.  Қыс кезінде ауа температурасы олар үшін 12-180С-тан аспау керек.

 

Write A Comment