Күз – жемістің толысып пісіп-жетіліп,  жапырақтың сан алуан түске енетін кезі. Күз мезлінінде де бау-бақша жұмыстары  өз жалғасын табады. Ендеше, бау-бақша жұмысының негізгілерімен таныс болыңыз:Жаз бойы гүлдеп енді тұқымы жетілген кезде барлық біржылдық, көпжылдық бұтақты өсімдіктің дәнін жинап алған абзал. Өсімдік тұқымын жинағанда, оны сақтайтын ыдыстың ылғал болмауына назар аудару қажет.Қыркүйек айында сүмбілшаш, қызғалдақ, нәркес және лалагүлін егу керек.Осы айда шетен, шырғанақ, шәңгіштің жемісін жинауға болады.

 

Қазанда емен мен талшынның дәнін жинап, бірден егіп тастаған дұрыс. Шұғынық пен магнолияның да дәнін жинайтын мезгіл.Барлық тұқымды құрғақ ауа райында жинау қажет. Жинағаннан кейін тұқымды артық заттан тазартып, үй жағдайында қағаз бетіне жайып, 2-3 күн кептіреді. Кепкен тұқымды қағазға орап, құрғақ орында сақтау керек. Ыдыстың сыртына міндетті түрде гүлдің атауы және жиналған мерзімін жазған дұрыс. Біздегі қысқы климатқа төзбейтін тамыртүйнекті көпжылдық нарғызгүл, канна, альстримерия жәні баршүлгүлін қазан  айында қазып алып, жеке-жеке жәшікке салып, жертөледеге сақтаған жөн.

Қазан айында, егер қатты суық түсіп кетпесе, сүмбілшаш, нәркес, қызғалдақ сияқты пиязшық гүлді егуді жалғастыруға болады. Аула  мен  бақтағы түскен жапырақты өртеп жібермей, шұңқырға жинау керек. Жиналған жапырақ бірер жылдан кейін өсімдікке қажетті тыңайтқышқа  айналады. Гүлзардағы  жаз бойы гүлдеген  біржылдық гүлді тамырымын жұлып тастау қажет. Босаған жерді қайта тегістеп, күрекпен топырақты қопсытып алған соң, көңмен  құнарландырып келесі көктемге дайындап қойған дұрыс. Бақытгүлінің түбіне топырақ үйіп, гүлдің әрбір бұтағын тамырландыру арқылы  көктемде дайын көшет  алуға болады .

 

Бақшадағы өсімдіктің барлығының түбіне (бозкілем мен түбіртектен басқасының) шіріген көң тастау керек.

Шығысгүлі мен раушанның тамыры мен бүршігін қысқы суық пен  көктемгі үсіктен қорғау  үшін түбіне топырақ үйію қажет. Шығысгүлінің топырағына көң орнына қылқанжапырақты ағаштың түбінен алынған қарашірікпен жылылауға  болады. Далаға жерге егілген үй гүлін қайтадан ыдысқа отырғызған жөн. Қазан айында көгалды соңғы рет қырқып, келесі жылға дайындыққа көңді елеп бірқалыпты сеуіп шыққан дұрыс. Осы айда  жұлдызша шырмауық гүлін көбейткіңіз  келсе, түбін әлде де мол топырақпен көміп, сәуір айында көптеген көшет алуға болады.

Қараша айында:

Көпжылдық шөптесін гүлдің сабағын түбінен 10 см қалдырып қырқу;

Жібекшөпті суықтан сақтап, тамырына қолайсыз жағдай әсер етіп зақымдамауы үшін белінен буып қою;

Бозаршаның жанама бұтағын қар немесе ауа райының түрлі жағдайынан зақымданбауы үшін бір-біріне қосып, мықтап байлаған дұрыс.

Осы секілді жұмыстарды атқарғаннан кейін, қысты қорықпай қарсы алуыңызға болады.

Қараған ағашын аулаға әдемі гүлі үшін өсіреміз. Ал, жалғанған қараған мол жапырағы үшін өсіріледі. Жалғанған қараған ағашы әдемі болып көрінеді, әрі  түбіне отырған адамға ерекше сая болады. Күзде оның өскіндерін қырқып және әлсіз бұтақшаларын сиретіп тастау керек.

 

Күз айларында бақшаңыз бен аулаңыз әдемі болып тұрсын десеңіз, қажетті жұмысты көктемнен бастағаныңыз жөн. «Күзде гүл гүлдемейді, барлық өсімдік сарғайып, әрлілігін жоғалтады» деген адам қателеседі.Әрине, күзде айналаның бәрі алуан түске енетіндігі шындық. Дегенмен, күзде гүл жарып, маңайын әдемілікке бөлеп тұратын  бақытгүлі, қашқаргүл т.б. өсімдіктер бар.

Күзгі өсімдіктердің ішінде жапырағының әдемілігімен өзгешелетіндеріне сірке ағашы, гинго, жалқын, қызғалдақ ағашы, үйеңкі түрлері, бөріқарақат, емен, атталшын т.б. күзгі бақтың шырайын келтіреді. Олай болса, аталған ағаштарды аулаңызға, бағыңызға отырғызып, табиғаттың күзгі сұлулығын тамашалаудан қапы қалмаңыз!

Write A Comment