Үйлену тойда қалыңдық гүлшоғырымен қатар жүретін әшекейдің бірі – күйеу жігіттің төс гүлі. Бұл гүлді шағын және өте әдемі етіп жасайды. Бұрын-соңды күйеу жігіттің кеудесіне моншақпен әшекейленіп матадан тігілген жасанды гүл (бутонерька) қадайтын. Бүгінгі күні бұл төс белгінің түрлері жетерлік. Талғамға қарай гүлдің көптеген түр-түсіне қарап тапсырыс бере алады. Алғаш рет бұл гүлшоғыры францияда пайда болған. (Вoutonniere француз тілінен аударғанда жапсырма белгі деген мағынаны білдіреді.) Сол уақыттан бері күйеу жігіттің төс белгі тағуы дәстүр болып қалыптасып кеткен.

Төс белгіні – күйеу жігіт және оның жолдасы мен қалыңдықтың құрбысы сол иықтарының жоғары жағына қадайды.
Бір ескертетіні төс белгіні қалыңдықтың гүлшоғырымен бірге тапсырыс беру керек. Себебі, екеуі де бір түсті гүлден және бір үлгіде жасалынса, үйлесімді көрінеді. Кезінде төс белгі ретінде шапанның жағасына тек бір гүлдің басын ғана қадайдын болса, қазір кішкене композиция жасау үлкен сәнде. Бұл композиция гүлден ғана жасалмайды, сонымен қатар моншақ, лента, әшекей темір, қызыл, қоңыр дәнді жидектерді де қосады. Композициялық төс белгі тапсырыс беруші мен флорашының шеберлігіне қарай жасалынады.
Төс белгінің ең қарапайым түрі
Қажетті заттар: 3 дана раушан гүлі, гипсофила, нолинаның жапырағы, түтік ыдыс, оазис, қайшы, жасыл түсті жапсырма лента.
Жұмыстың барысы:
1. Түтіктің ішіне оазисті орнату;
2. Раушанның сабағын 2см қалдырып, гүлін қырқып алу;
3. Гүлдің артқы бөлігіне раушанның 1 жапырағын, алдына гипсофиланың гүлін орналастырып, барлығының сабақтарын біріктіріп байластыру. Нолинаның 2 жапырағын композицияның екі жағына орналастыру;
4.Өсімдіктердің сабақтарын біріктіріп, жасыл лентамен орау;
5.Композицияны түтіктің ішіне орнату. Түтіктің сыртын жасыл лентамен орау. Жасыл лента түтікті жасырып, табиғи түрде көрсетеді. Мінеки, аз уақыт бөлсеңіз төс белгіңіз дайын!

 

Бетті дайындаған: флорашы, Ұлжан Азат.

Write A Comment