Гүл өсіру аса көп білімді талап етпейді дейміз. Бірақ, гүлпаздардың тәжірибесімен ой бөлісу, оны өз бағыңызда қажетке асыру артық болмас. Ендеше, бүгінгі мақаламыздағы пайдалы 12 кеңес ауласында немесе үйінде гүл өсіретін жандар үшін.

  1. Көктемге жақын өсімдіктерді қалемшелеп көбейту маусымы басталады. Ал, көптеген гүлдерді қалемшелегеннен кейін суға қойып, тамырландыруға тура келеді. Егер, қалемше салынған суды жиі ауыстырып отырмасаңыз су өз құрамын бұзады және ластанады. Сондақтан суға қанттың екі бөлігін салып қойыңыз. Бұл әдісті суға салып қойған бамбук және басқа да гүлдестелер үшін қолдануға болады.
  2. Қыс кезінде бөлме гүлдері қалыпты температурада өспесе жапырағы мен сабағы сарғайып, артынша жапырағы түсіп қалады. Қыс кезінде бөлмеде қалыпты температура ұстау мүмкін емес. Терезе мен есіктен суық ауа кірсе, батареядан жылу бөлініп ауа температурасы жиі ауысып отырады. Сондықтан үй гүлдерін бір бөлмеге немесе терезе алдына жинап, айналдыра 15-20 см биіктікте полиэтиленмен орап қойыңыз. Күн аралатып гүлдердің жапырағына су бүркіп, бұлтты күндері электр шамын 12 сағатқа қосып қойыңыз. Міне осылайша бөлменің бір бұрышын шағын жылыжай жасауға болады. Осындай әдіспен қыс кезінде көп өсімдіктерді гүлдетіп, ауыртпай қыстан алып шығуға болады.
  3. Ауланың көлеңке бөлігіне және қарағай, тал секілді биік өсімдіктердің астына көгал өсіру қиын. Көлеңкеде көгал ала болып өседі және нәзік болғандықтан жиі арамшөп басып кетеді. Ал осы орынның қара топыраққа көміліп жатқаны да қиын. Сондықтан жайсыз орындарға иістішөптің түрлерін егіп тастаңыз. Исістішөп жерге жайыла өсетіндіктен арамшөпке бой алдырмайды және көлеңкеде жапырақтарының ала және қызыл түстері анықтала түседі. Иістішөпке ерекше күтім көрсету қажет емес.
  4. Теңбілгүлдің қосымша «тау шегіргүлі» деген аты бар. Оның қыс кезінде жақсы гүлдеуі үшін салқындау орын мен қалыпты температура керек. Теңбілгүл гүлдеген мезетте өсімдікті топырағына, жапырағының үстінен емес, түбек астына қойылған ыдысына немесе кашпоға су құю арқылы суғарады. Теңбілгүлдің сарғайған жапырағын, гүлдеп біткен гүлін қайшымен кеспей, қолыңызбен жұлып тастаңыз.
  5. Ауланың ішімен ағып өтетін кішкене арық  әрбір үйде бар. Арықта үздіксіз су ағатындықтан оның жағалауы батпақты болады. Сондықтан ауланың сазды жерлеріне, су жағалауларына ылғалдылықты жақсы көретін сібір құртқашашы, кәдімгі құртқашаш және эхинасея гүлін отырғызуға болады.
  6. Көшетті биіктігіне емес, басқа жағдайларына қарап дұрыс таңдау керек. Кез-келген көшеттің ыдыста егілгенін алыңыз. Егер көктемде сатып алар болсаңыз асықпай өсімдіктің жапырақ  шығарған уақытын күтіңіз. Жақсы көшеттің жапырағы әр бұтақтың басында және сабағы жасыл болады. Көшеттің тамыры топырақтан немесе ыдыстан сыртқа шығып тұрмауы керек. Егер, тамыры ыдыс сыртына шықса өсімдіктің ұзақ уақыт ыдыста өскенін аңғаруға болады және ол өсімдік әлсіздеу келеді. Топырағы ылғалды, мүксіз және арамшөпсіз болғаны дұрыс. Көшетті егер алдында топырағымен 5 минут суға салып қойыңыз. Ол өсімдіктің тез жерсінуіне көмектеседі.
  7. Ғалымдардың зерттеуінше ашуланған немесе қатты қорыққан адамдарға дәрігерлер жапырағы әдемі өсімдіктердің арасында демалуға кеңес береді екен. Олар: шапангүл, роджерсия, қырыққұлақ,фукия немесе табиғи әдемі шөптер. Ғалым айтса, бекер айтпайды. Сондықтан аулаңызға тек сәндік үшін емес, емдік үшін де көптеген әдемі жапырақты гүлдер өсіріңіз.
  8. Қыс кезінде гүлдердің жапырағына су бүркуге кеңес беріледі. Су бүрку гүлдерге жасанды ылғалдық беру үшін. Ал өсімдік жапырағын шаңнан арылту үшін су бүрку аздық етеді. Сондықтан аптасына бір рет (суретте көрсетілгендей) гүлдерге жылы душ жасаңыз. Жылы душ жасау арқылы жапырақ астында жасырынып жатқан өсімдік биттерімен де күресуге болады. Топырақ түсіп кетпес үшін гүл ыдысын полиэтиленге орап қойыңыз.
  9. Үй гүлдерінің ішінде қалыңқой гүлі (Kalanchoe) жылдың кез-келген уақытында гүлдедейді. Оның гүлдеуі үшін уақтылы суғару, жарық, құнарлы топырақ, минералды қоректік те керек емес. Жаны сірі өсімдіктің қолданысқа енгеніне биыл 79 жыл. Қалыңқойды халық өздігімен тез көбейетіндігімен таныса, біз аса күтімді қажет етпейтін, гүлдеуі де жиі өсімдік ретінде өсіруге кеңес береміз.
  10. Орхидея – өзінің қайталанбас сұлулығымен үй гүлдерінің ішінен ерекше орынды иеленген. Оның гүлдеген уақыты мерекелік күндер десек болады. Көбелекке ұқсас, ұсақ гүлдері гүлсабақтың басында орналасқан. Орхидеяның көпшілігі  қыс мезгілінде гүлдейді. Кейде енді жарғалы тұрған гүл бүрлері ашылмастан түсіп қалады. Мұндай жағдай жарықтың жетіспеушілігінен болады. Орхидеяны гүлдеген уақытында жиі, молынан суғарыңыз. Гүліне тигізіп алмай, жапырағына жиі су бүркіп тұрыңыз. Гүлдеп болған соң суғару мен су бүркуді азайтады.
  11.  Егер аулаңызда табиғи үлкен тастар болса, қазып алыптастауға асықпаңыз. Тасты айналдыра жанаса өсетін арша, ырғай, қазтабан секілді бұтақты өсімдіктер егіп тастаңыз. Тас ауладағы табиғи көрініс және жайыла өсетін өсімдіктердің жақсы өсуіне өз ықплын тигізеді.
  12. Үйдегі істен шыққан чемодан, кереует, самаурын, сандық секілді заттардың ғұмырын ұзартудың тағы бір жолы бар. Ол сол заттың ішіне әдемілеп гүл егу. Мысалы жарамсыз қалған чемоданның ішіне кішкентай түбіртектің түрлері егілген. Егер түбіртекті жерге егер болсақ, оның әдемі гүл екендігі айтарлықтай көрінбеуі мүмкін. Ал, ол көне чемоданмен ерекше жарасым табады. Сол сияқты самаурынға тиын тәрізді жайыла өсетін қазтабан өсіруге болады.

Write A Comment