Пуансеттияның (Euphorbia pulcherrima) Отаны- тропикалық  Америка. Бұл өсімдік жалпы Христиандардың  жаңа жыл мейрамының алдында гүлдейтін болғандықтан

«Жаңа жыл гүлі» деп те атайды. Ресми ботаникалық аты — керемет сүттіген. Негізінен сүттіген туыстас гүлдердің аты  ежелгі дәрігер-ғалым Эуфорбаның атына байланысты. Эуфорба алғашқы рет бұл өсімдіктердің шырынында болатын улы заттың емдік қасиетін көрсеткен болатын.

Қыстың суық айларында кейбір үй гүлдері жайқалып гүл ашып сізді қуанта алмайды. Айналаны ақ қар басқан осы бір кезеңде ашылған гүл шоғы нағыз бір ертегі дерсің. Осы ертегіні сыйлайтын пуансеттия -табиғаттың бізге берген ғажайыбы.

Табиғатта пуансеттия биіктігі үш метрге дейін жететін көпжылдық бұтақты өсімдік. Үй жағдайында пуансеттияның биіктігі 30-40 см-ге дейін ғана барады.Оның нағыз гүлі көрікті емес, бірақ гүлінің астындағы жапырақтары өте әдемі болады. Күздің аяғында пуансеттияның жапырақтары қызара бастайды. Сөйтіп Жаңа жыл қарсаңында оның жапырақтары қып-қызыл гүл шоғырына айналады. Соңғы кезде сұрыптаушылар еңбегінің арқасында көптеген жаңа түрлері пайда болды.Оның ақ жапырақты (Sonora White), ала жапырақты (Sonora White Glitter) және күлгін жапырақтысы (Freedom Pink) деген түрлері бар.

 

Пуансеттияны көктемде немесе жаздың бастапқы айында жоғарғы жағындағы қалемшелерін кесіп алу арқылы көбейтеді. Қалемшелерді кесіп алғаннан кейін ішіндегі сүтті шырыны ағып кету үшін бірнеше минутқа суға салып қою керек. Әйтпесе сүтті шырын қатып қалып қалемше шіріп кетуі мүмкін. Осыдан кейін қалемшені салқынырақ қараңғы жерге 5-6 сағатқа қойып, қалдық шырынды жұмсақ мақтамен сүртіп тастаңыз. Қалемшені суда немесе өте ылғалды субстратта тамырландыруға болады. Кішкене тамыршалар пайда болғаннан кейін жеке ыдыстарға отырғызылады.

Бұл өсімдік жарықты жақсы көреді. Бірақ оны тікелей түскен күн көзіне  қоюға болмайды, қыста  +13 С 0 +15 С 0 төмен болмауы керек, ал гүлдеуі үшін +18 С 0 +20 С 0  қажет. Ылғалдылықты сақтау үшін жапырықтарына су бүркіп тұрған дұрыс.

Егер пуансеттияны үйіңізде өсіргіңіз келсе мына жағдайларды ескеріңіз: мысық және басқа үй жануарлары оның сабағы мен жапырағының  шырынынан уланып қалуы мүмкін. Ал пуансеттияның жанына алма, алмұрт сияқты жемістерді қойсаңыз, оның жапырақтары солып қалады. Өйткені, піскен жемістер ауаға жалпы өсімдіктерге зиянды   этилен газын бөліп шығарады.  Ал пуансеттия бұл газға басқа өсімдіктерге қарағанда әлдеқайда шыдамсыз.

 

Write A Comment