2017 жылдың 11 ақпанында өткен «Агротуризм» тақырыбына арналған брифингтен алынған сұхбат.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Құрметті профессоры, Қазақстандағы көгалдандыру ісінің көрнекті насихатшысы, «Гүлстан» журналының бас редакторы Гөзел Құлжабаеваның есімі бүгінде елімізде ғана емес шет елдерде қайраткер қазақ әйелдерінің бірі ретінде үлкен ілтипатпен аталып жүр. Мемлекеттік көмекке жүгінбей-ақ, өз күшімен жүздеген гектар алқапты жасыл желекті бау-бақшаға айналдырып, агротуризмнің әлеуетін жұртшылыққа мойындатып, бұл іске өзгелердің де мойнын бұрғызып, өз кәсіптерін ашуына түрткі болып жүрген оны мереке қарсаңында сұхбатқа тартқан едік.

– Гөзел Әліпбекқызы, әңгімемізді кәсіпкерлікті қалай бастағаныңыздан бастасақ?
– Мен еңбек жолымды мамандығым бойынша энергетика саласында бастадым. Онда бірнеше жыл жұмыс жасап барып, көңілім қалайтын өз бизнесіме ауыстым.Мейрамхана бизнесімен айналысып жүрген кезде ауланы көгалдандыру барысында гүл бизнесіне деген қызығушылығым оянды. Әрине бұл саладан мол табыс табуға мүмкіндік өте зор. Дегенмен көгалдандыру саласындағы өзге ұлыс өкілдерінің басымдығы мен өз қаракөздеріміздің аздығы менің үгіт-насихат жұмысын жүргізуге деген құлшынысымды арттырды.
– «Гүлстан» республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік журналы осы мақсатта дүниеге келді ме?
– Дұрыс айтасыз. Жарық көргеніне өткен жылы 10 жылдан асқан бұл басылым бастапқыда қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген болатын. Ондағы ойымыз бұл салаға қоғам назарын аударту үшін жұртшылықты барынша көбірек қамту еді. Осы мақсатта бұл іске өзге ұлыс өкілдерін де тартпақ болғам. Алайда бұл үміт ақталмады… Сол себепті журналды кейін тек қазақ тілінде ғана шығара бастадым. Бүгінде ондағы материалдарды балабақша мен мектеп мұғалімдері өз қызметінде қолданып, оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізу кезінде оқу-әдістемелік құралға айналдыра бастады. Бұл мені қуантады.


– «Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешені осы бағытта жасалған ба?
– Дұрыс айтасыз. Өзіңіз де көріп жүрген шығарсыз еліміз қызғалдақ пен алманың отаны болса да, әлі күнге дейін оны шет елден импорттап отыр. Тіпті Алтайдан Атырауға дейін созылған ұланғайыр қазақ даласында кездесетін сан мыңдаған өсімдіктердің қазақ тіліндегі атауын күні бүгінге дейін бір жүйеге түсіре алмай келе жатырмыз. Қарапайым халықтың арасында басқасын былай қойғанда, «өзіңіз білетін гүлдердің атын атап беріңізші» деп сұрасаңыз қолындағы он саусағын да бүге алмайтындар жетіп артылады. Мемлекет тұрмақ өз үйінің ауласын көгалдандыруға селқостық танытатын адамдардың көптігі қоғамдағы үгіт-насихат жұмысының дұрыс жолға қойылмауынан деуге болады. Сондықтан тәрбие жұмысын әркім өз отбасынан, балабақшадан бастау керек деген ұстаныммен өз қаржыма осы оқу-әдістемелік кешенді жасап шықтым. Оның ішінде балаларға арналған 12 түрлі боямақ, 12 түрлі дидактикалық материал, 12 түрлі кітапша, 10 түрлі ертегі мен 4 түрлі мысал әңгіме, 3 түрлі жұмбақ кітапшалары мен 13 плакаттан тұратын топтама бар. Мұның бәрі баланың айналасындағы қоршаған ортаға деген танымын қалыптастырып, білімін жетілдіруге қызықтыруға бағытталған.
– «Дәстүрлі ағаш егу мерекесін қолдайық!», «Әр ауланың гүлденгені- мемлекеттің гүлденгені», «Жиырма жылдыққа жиырма мың ағаш!», «Қазақ хандығының 550 жылдығында әр ауылда 550 ағаш отырғызайық!», Абай -170 жыл. – 170 Емен ағашы , деген сияқты үндеу, мәлімдемелер қаншалықты нәтижелі болды?
– Біздің Алматы қаласындағы «Гүлстан» гүл бағында, Алматы облысының Кербұлақ ауданы Басши ауылдық округіндегі «Батыр аналар саябағы», «Нұрғали Нүсіпжанов атындағы алма бағы», «Гүлзар» бағы мен өзге де терек, қарағай бақтары мен ауылдардағы ауласы көгалдандырылған мектеп, балабақшаларда ұйымдастырған экскурсия, семинар, тренинг, конференция түріндегі іс-шараларымызға қатысып, білімін жетілдірген білім беру мекемелерінің қызметкерлері бұл істі кейін өздері жұмыс жасайтын мекемелерде жалғастырып әкетті. Тіпті Қазақстан ғана емес көршілес Қырғыз Республикасының бірқатар жоғары оқу орындары мен өзге де білім беру мекемелерінің қызметкерлері бізге өзара серіктестік жағдайында жұмыс жасауға өтініш білдірді. Біз бауырлас елдің бұл ұсынысын қабыл алып, бүгінде олардың ғалымдары, оқытушылары, студенттері мен оқушылары бізде білімі мен тәжірибесін молықтырып, оны өз елдерінде жүзеге асыруды бастап кетті.
– Сіз бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген сұхбаттарыңызда әрдайым еліміздегі көгалдандыру саласындағы жұмыстарда білімнің жетіспейтінін, мемлекеттік көмектің тиімсіздігін сынға алып жүрсіз. Бұл пікіріңізді осы арада тағы бір рет пысықтай түссеңіз?
– Қазір ауылдық елді мекендерді айтпағанда ірі қалалардың өзінде де көгалдандыру жұмыстары кезінде бір жылдық гүлдер көп егіледі. Бұл саладағы шетелдің озық тәжірибелерін өзімізге енгізу өте баяу жүріп жатыр. «Жасыл белдеу» жобасында да бұл жағдай көрініс тауып отыр. Құзырлы мекемелер жүргізетін көгалдандыру жұмысына бөлінетін қаржының тиімді жұмсалуы мені көп жағдайда қанағаттандырмайды. Оны барлық жерде айтып да, жазып та жүрмін. Әзірге айта қаларлықтай үлкен өзгерістер жоқ.
Аграрлық білім беретін жоғары және арнайы оқу орындарында жыл сайын жүздеген, мыңдаған жастар диплом алып шығады. Алайда олардың көпшілігі өз мамандығы бойынша жұмыс жасамайды. Мемлекет қомақты қаржы жұмсап студентерді оқытып, өз ісін дамытам дегендерге түрлі жеңілдіктер мен субсидиялар беріп жатқанымен еліміздегі көгалдандыру мен агротуризм саласы әлі күнге дейін қарыштап дамып жатқан жоқ. Менің пайымдауымша, оған ең алдымен мамандықты дұрыс таңдамау, екіншіден мемлекеттік гранттардың нағыз мұқтаж адамға берілмеуі түрткі болып отыр. Егер мұнда талап күшейіп, түлектерге өз мамандығы бойынша жұмыс жасау міндеттелсе жағдай біршама түзелуі мүмкін.
Жалпы шетелдік сарапшылардың айтуынша, мемлекет тарапынан жасалатын субсидия бизнесті дамытуға айтарлықтай ықпал ете алмайды. Қайта кейбір елдерде субсидия шекті мөлшерге дейін азайып немесе мүлде жойылған кезде ғана ондағы бизнестің дамуы қарқын алғаны байқалған. Бәсекелестік жағдайында емес, мемлекеттік көмектің арқасында өз ісін жүргізіп отырғандардың көпшілігі масылдықтан арылған жоқ.
– Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында агротуризмді бизнес-инкубуатор түрінде дамыту жобаңыз осы ойыңызды іс жүзінде дәлелдеудің көрінісі деуге бола ма?
– Иә. Онда мен өз ісімді бастасам деп жүрген, алайда оны қалай жүргізудің жолын таппай жүрген жандарға тәжірибелік алаң жасап отырмын. Әзірге онда бөдене, күркетауық, ешкі өсіру істері қолға алынып отыр. Бір жыл бұрын басталған бұл жерде қазіргі таңда 2 күнге, 1 аптаға, 1-2 айға келіп, сонда қонып жұмыс жасауды көріп, үйреніп жүрген адамдар қатары артып келе жатыр.
Осы арада мына бір жәйтті айта кеткен жөн шығар. Бұрын мен семинар, тренинг, конференция, экскурсияларды тегін түрде көп ұйымдастыратынмын. Олардың қорытындысын талдау барысында тегін дүниенің нәтижесі аз болатынын байқадым. Сондықтан білім мен тәжірибені ұштастыру кезінде өзіңіз бизнес-инкубатор деп бағалап отырған агротуризм орталығында жұмыс жасауды үйренуге келгендерге ақы төлемеуді дұрыс деп шештім. Адамда қызығушылықпен қатар, оны меңгеруге деген құлшынысы болмаса өз жұмысында қандай да бір жоғары нәтижеге жете алмайтынын байқаған соң осындай қадамға барып отырмын.
– Еңбегіңіз жемісті болсын, сұхбатыңызға рахмет.

Ерлік Кебекбай, журналист.

Write A Comment