Бақытгүлі (Chrysanthemum)  алғашқы рет мыңдаған жылдар бұрын Қытай мен Жапонияда өсірілген. Бүгінгі күні бұл гүлдің сұрыптары мен ерекше түрлері жер шарының барлық аймақтарына кең таралып, көгалдандыруда алғашқы орындарға ие болып келеді. Бақытгүлі жаздың күзге ауысқан мезгілінде бақшаны қуаныш пен әдемілікке бөлейтін ғажайып өсімдіктің бірі. Әуесқойлар бақытгүлінің түрлерін өсіріп шығарумен қатар, оны ерте және кеш гүлдетудің де жолын тапқан. Өсімдік кеш гүлдеуі үшін гүлдің өсуін баяулататын химиялық заттарды пайдаланып, (ретарданттар) және бір тәуліктің жартысындай уақыт қараңғы жерде ұстайды. (Бақытгүлі уақытымен гүлдеуі үшін күніне 10 сағат көлемінде жарық керек.) Ретарданттың көмегімен өсімдіктің бойы аласа, гүлі мол және кеш гүлдейтін болады. Мұндай әдіс әсіресе, үй жағдайында және ыдыста өсірілетін бақытгүлдері үшін пайдалы. Гүлдеп біткеннен кейін бақытгүлінің сабағын кесіп тастайды. Егер сабағы кесілмесе, келер жылы нашар гүлдейтін болады. Бақытгүлінің түбі үлкейіп кетсе де гүлдемеуі мүмкін. Сондықтан бақытгүлін жыл аралатып түбін бөліп көбейтіп, жасартып отыру керек.

Ыдыста өсіру

Ыдыста өсірілген бақытгүлінің бойы мен көлемі 30 см-ден асып кетпейді. Ол ыдыста өсірілсе де гүлдері сабақта мол, әрі жиі орналасады. Бақытгүлінің гүлдері жай күлтелі және гүлпарлы кәдімгі бақша түймедағына ұқсайды. Енді бір түрлерінің гүлінің пішіні шар тәрізді. Ал, гүл түстеріне келер болсақ, гүлпаздардың соңғы сұрыптау жұмыстарының нәтижесінде бірнеше түстен құралған бақытгүлі де өсіріліп сатылымға түсті. Тіпті, олар хош иістеріне қарай да бірнеше топқа бөлінеді. Егер, бақытгүлін үй жағдайында өсіргіңіз келсе, жұмсақ иісті гүлдердің жанына орналастырыңыз. Тіпті, үлкен бір түбектің ішіне аласа бойлы бірнеше бақытгүлін өсіріп ерекше күзгі композиция жасауға болады. Түбекті де бақытгүлінің түсіне қарай бояп қойыңыз. Түбекте өсірілетін бақытгүлінің көпшілігі «үнділік бақытгүлі» (Ch. Indicum) деп аталады.

 

Гүлдегеннен кейінгі күтімі

Түбекте егілген бақытгүлдер гүл дүкендерінде біржылдық үй гүлі ретінде сатылады. Әрине, қабат үйлерде тұратындарға бақытгүлін гүлдеп біткен соң ыдысынан шығарып қоқысқа тастамай, келер жылға да аулаға отырғызу арқылы сақтап қалуларына болады.Үй жағдайында қайтадан өсіргіңіз келсе, гүлдің сабағын тамырдан жоғары 5 см қалдырып кесіп, жертөлеге немесе қараңғылау, ауа температурасы1-3°С болатын жерге қою керек. Көктемде қайтадан жылы бөлмеге кіргізіп, суғарсаңыз жас өркендер шығып, өсуін жалғастырады.

 

Гүл түрлері

Гүл өсіруді  енді қолға алып жүргендер бақытгүлінің ақ, қызыл, сары, жасыл, қоңыр, сия көк секілді түстерін өсіруі мүмкін. Ал, бақытгүлінің түрін жинаушылар үшін гүлі ине тәрізді, аласа бойлы, сирек түрлерін өсіру үлкен қуаныш. Сонымен қатар,  бақытгүлінің жайыла өсетін «Cascade» атты түрі қолданысқа жаңадан енді. Бұл түрді аспалы түбекке егеді немесе сабағына тіреу қойып, шырмауық гүл ретінде де өсіреді. Бақытгүлдің бақшада өсірілетін 650-ге жуық ерекше сұрыпты түрлері бар. Оның ішінде 77 түрі халықаралық жүлделерге ие болып, өсімдіктер арасындағы дипломдармен марапатталған. Бүгінде бақытгүлінің он мыңнан астам табиғи және будандасқан түрі бар. Алғашқы он түрді Қытайлықтар осыдан екі мың жыл бұрын өсіріп шығарған екен. Жалпы бақытгүлдер: үлкен гүлді (үнділік) және ұсақ гүлді (корейлік) болып екі топқа бөлінеді.

Көбейтілуі

Бақытгүлін қалемшелеп, тұқымын себу және түбін бөлу арқылы көбейтеді. Кейде бақшадан теріп әкелінген немесе сыйлыққа берілген бақытгүлін (ұсақ гүлді түрлері) суға салып қойсаңыз біраз күннен кейін тамырланады. Бұл сыйлықты да ысырап қалдырмай көбейтуге болады. Гүлдің сабағын тамырдан жоғары 10см қалдырып кесіп , бірден топыраққа отырғызыңыз.Тұқымы арқылы көбейтілгенде, ерекше сұрыпты түрлері өңін жоғалтып жібереді. Сондықтан сұрыпты түрлерін түбін бөліп қана көбейтіңіз. Тұқымынан көбейтілген көшет келер жылы ғана гүлдейді. Ал, сәуір айының соңында жас өркендерді қалемшелеуге болады. Қалемшеге сабақтың жоғарғы бөлігін 7-10см биіктікте кесіп алып, жанама бұтағымен жапырақтарын алып тастайды. Сабақты қиғаштап кесіп, құм араласқан топырақ салынған жәшікке отырғызады. Жәшіктің бетін әйнек немесе полиэтиленмен жабу керек. Қалемшелерді күн сайын су бүрку арқылы суғарып отырса, 3-4 аптаның ішінде тамырланады.

Түбін бөлу арқылы наурыз айының соңында көбейтеді. Түбін бөліп 3-4 жылда бір рет көбейткен дұрыс. Екі-үш жыл бір орында өскен бақытгүлдің гүлі мол, сабағы мықты болып келеді. Түбін бөліп көбейткенде әр көшетте үлкен тамырды қалдырады. Тамыры толық бақытгүлі тез жерсінеді. Бақытгүлдің көшетін ашық күн астына, жеңіл, құнарлы топыраққа отырғызады. Егер, өсімдіктің бойы аласа болса, әр көшетті 25-30см, жайыла өсетін биік бойлы сұрыптарын 50-60см арақашықтықта отырғызады. Бақытгүлді көбейту, қайта отырғызу жұмыстарын жаңбырлы күні жүргізген жақсы. Күн ашық күндері таңертең немесе кешке күн қайтқан уақытта отырғызып, көшетті молынан суғару керек.

Ескерту

Бақытгүлі қышқыл топырақты ұнатпайды. Сондықтан бұл гүлді қарағай, шырша секілді қылқанжапырақтылардың түбіне егуге болмайды. Түбекте егілген бақытгүлін көп қоректендірмейді. Себебі, тамыры жайыла өсіп, гүлі көбейіп нашар жағдайға түседі. Ірі гүл жаратын түрлерінің жанама жапырағын, сабақтарын кесіп, маусым айында жоғарғы бөлігін шырпып отырса гүлі толық болады. Ал, ұсақ гүлді түрлерін кеспеген жөн. Ыдыста егілген бақытгүлінің топырағының құрғап қалмауын ескеріңіз. Топырағы аз уақытқа құрғап қалған өсімдіктің гүл бүрлері солып қалады және қайта көтерілуі екіталай. Гүлдің бойы аласа болу үшін көшетті отырғызғаннан кейін 3 аптадан соң сабағының ұшын кесіп тастайды.

 

Бақытгүлі жайлы аңыздар

Бақытгүлі жайлы аңыз-әңгімелер ежелгі қытай мәдениетінде қалыптасқан. Қытай тарихына сүйенсек, олар бақытгүлді үйде өсіруді осыдан 2500 жыл бұрын қолға алған екен. Қытайдың бір аңызында біздің заманымызға дейін өмір сүрген монах бақытгүлінің қайнатпасын ішіп, жеті жүз жыл жасапты делінген екен. Жапон мен қытайлықтар үшін бақытгүлі тек өткен өмірді еске түсіретін, магиялық сенім гүлі ғана емес, тағам және үйді безендіретін әдемі гүл ретінде де бағалы. Олар бақытгүлі гүлдегенде, қайықтарды гүл шоғырымен безендіріп алып қыдыратын. Шығыс елінде бұл гүлге өлең мен жыр арнамаған ақын жоқ шығар. Ақындар бақытгүлі жайлы өлең жазып, қағазды ағаш діңдеріне жапсырып кететін болған. Ондағы мақсат — желдің көмегімен жыр жазылған қағаз алысқа ұшып, гүлдің әдемілігі жайлы әлем білсе екен деген үміт. Ниеті жақсы бұл дәстүр әлі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді.

 

Бақытгүлі мерекесі

Жыл сайын бақытгүл гүлдеген уақытта Жапонияды «бақытгүлі мерекесі» (Кику-но-сэкку) аталып өтеді. Бұл мерекеде әрбір жапон азаматынан бастап ұлы императорға дейін өсімдікке тағзым етіп, бақытгүліне арналған өлең-жырларын оқиды. Гүл мерекесі Жапонияда алғаш рет 1186 жылы патша сарайының алдында өткен. Жапондық жыл санау бойынша осы ай тоғызыншы ай туған уақыт. 1211 жылдан бастап бақытгүлі мерекесін 9-шы айдың 9- күні тойлайтын болған. Бұл күн жай таңдалынып қойылмаған. Шығыс елдерінде «9» саны қасиетті, екі тоғыздың қатар түскені, халықтың ұзақ өмір сүруіне септігін тигізеді деп түсіндіреді. Кейін келе бұл күн қызыл күнтізбеде «мемлекеттік мереке» деп саналатын болды. Мереке күні жапондықтардың әр үйінде ат талшынның дәні қосылып пісірілген күріш әзірленеді, бақытгүлі қосылған тәтті тоқаштар, салат және шараптар жасалынады. Жапондықтардың ұлттық тағамы вагаши(wagashi) де осы мереке қарсаңында туындаған. Сыртқы пішіні бақытгүліне ұқсайтын тоқаштың дәмділігі тіл үйіреді. Жапондықтар қадірменді қонағына «денсаулығыңыз мықты, жасыңыз ұзақ болсын!» деп бақытгүлінің жапырағы салынған сакэ ұсынады. Сондай-ақ олар күзде бақытгүлінің жапырағы мен сабағынан сусын жасап, бір жыл бойы сақтап, тек келер жылғы бақытгүлі мерекесінде ішкен. Осы сусынды ішкен адамның беті таза, денсаулығы жақсы болатындығы сенімділікті шындыққа жетелей түскендей. Бүгінде бақытгүлінен жасалынған сусабын мен бет тазартатын крем түрлері өте көп.

 

 Мереке қарсаңында

Ертеде бақытгүлінің суреті бейнеленген киімді тек патша  және оның отбасы ғана киетін болған. Егер бақытгүлдің суреті басқа бір затта болса, сол істі жасаған адам өлім жазасына кесілген. Қанша уақыт өтсе де сол құдірет өз күшін жоймағандай. 16 күлтелі алтын түсті бақытгүлі жапондықтардың мемлекеттік гербінен орын алды және осы елдегі ең жоғарғы бедел «бақытгүлі орденімен» марапатталу болып саналады. «Бақытгүлі мерекесі» бүгінгі Жапонияда көрме тәрізді өтеді. Қаланың базары, саябақтары мен шіркеулерінің алдына гүлдеген бақытгүлдерінің бес мыңға жуық түрін түсіне қарай бөліп қояды. Бір жақсысы бұл жерлерге қойылған гүлдердің сабағы кесілмеген, арнайы түбектерде өсіп тұрады. Яғни, халық бұл тойға ерте көктемнен күзге дейін дайындалады деген сөз. Барлық мәдениет ошақтарында әртістер бақытгүлінің суреті салынған көйлек киіп өнер көрсетеді. Ал, балаларға арнап арнайы бақытгүлінен тігілген киімдермен ертегі,  қойылымдар көрсетіледі. Тіпті, гүлден кішкене қалашықтар жасалынады. Бақытгүлі гүлдеп біткенге дейін Жапонияда мереке тарқамайды. Халық бір-біріне тілеу тілеп, қонаққа барады. Осы айда ғашық жан өзінің сүйгеніне бақытгүлінің бір бұтағын шынайы сезімін білдіру үшін сыйлайды.

Шығыс жұртшылығы үшін бақытгүлі «ұзақ ғұмырдың» символы. Олар гүлдің әр түсін жинап үйге қоюды дәстүрге айналдырған. Ұлы ғалым Карл Линней бұл өсімдікке алғашқы болып «алтын гүл» деп ат қойған. (латын тілінен аударғанда «хризос» -алтын, «антемос» гүл деген мағынаны білдіреді.) Ал, Жапонияда бұл гүлге «кику» деген жанама ат талай ғасыр бұрын берілген. Жапон тілінен аударғанда «кику» – «күн» деген мағынаны білдіреді. Жапондықтар үшін бақытгүлі император үйінің гербі ғана емес, өз ұлтының өшпес таңбасы. Себебі, олар осы гүлмен жапон ұлтының қалыптасқан уақытын байланыстырады. Халық арасына кең тараған аңыздардың біріне сүйенсек, ежелгі қытайдың қатыгез патшасы алыс аралдың бірінде «күн гүлінің» өсетінін естиді. Бұл гүл жай ғана өсімдік емес, адам ғұмырын ұзартып, мәңгі жасататын көрінеді-мыс. Ал, күн гүлін тек жүрегі ақ, ары таза адам баласы ғана жинай алады екен. Осы хабарды естіген патша үш жүз жас бойжеткен мен бозбаланы сол аралға ғұмыр ұзартатын күн гүлін жинап әкелуге жұмсайды. Алайда, ғажайып аралдың сиқырлы сұлулығына сүйсінген жастар кері еліне қайтпай, сол жерде мекендеп қала береді. Осылайша жер бетіне «Күншығыс елі» (Жапония) қалыптасқан екен деседі. Ал, ғалымдардың зерттеуінше бақытгүлінің отаны Қытай жері. Алғашқы бақытгүлдерінің түсі сары және гүлі түймедақ гүліне ұқсайтын болған. Табиғаттағы бақытгүлдер бамбукты ормандардың шетінде және күріш алқабының жанында өседі екен.

Сонымен қатар ол дәрілік қасиетімен де бағалы. 1789 жылы алғаш рет Еуропада өсіріліп, 1802 жылы бірінші сұрыпы будандастырылып шығарылды.

 

 

Көгалдандыруда

Гүлшоғырларында қолданылатын үлкен гүлді бақытгүлдер арнайы жылыжайларда ғана өсіріледі. Ал, ұсақ гүлді бақытгүлдерді күнделікті бақшадан кездестіруге болады. Гүлпаздардың тынымсыз еңбектерінің арқасында бақытгүлдің өте аласа бойлы және бойы биік түрлері, гүлдеу мерзімі ұзақ, жазда да гүлдейтін сұрыптары шығарылды. Бұрын-соңды бақытгүлдер 20 күндей уақыт гүлдейтін болса, жаңа сұрыптарының гүлдеуі жадыраған жаздан бастап, 60 күнге созылады. Сондай-ақ бақытгүлдің гүлдеу уақыты бойының  биіктігіне байланысты. Аласа бойлы бақытгүлі жаздың екінші жартысында, биік бойлы түрлері қыркүйек айының соңында гүлдейді. Гүлшоғырға қолданылатын бақытгүлдің сабағы тік басында үлкен бір гүл ғана болады. Өсімдіктің гүлі біреу болу үшін жаз кезінде (үлкен гүлді бақтыгүлдің) ортаңғы бір сабақты қалдырып, жанынан шыққан бұтақтарын кесіп тастайды. Гүл бүрлерін салған кезде де ортаңғы гүлін қалдырып, артық гүлдерін кейін алып отырады. Сонда гүлі үлкен және сабағы берік, бойы ұзын, нағыз гүлшоғырының гүлі өседі.

Гүлзарда бақытгүлін толықтырып тұратын жапырағы әдемі немесе күз кезінде гүлімен қалатын біржылдық гүлдермен араластырып егеді. Мысалы, сия көк, ала жапырақты сәлбен, күзде гүлдейтін биік бойлы бозкілем, мискантус (Miscanthus sinensis), Морнинг Лайт секілді жібек шөптер де үйлесімді.

 

Ауруы мен зиянкестері

Қалемшелеу арқылы көбейткенде бақытгүлде жұқпалы аурулар пайда болады. Себебі, көптеген гүлпаздар былтырдан қалған жәшік, босаған темір ыдыстарды ысырапқа қалдырмас үшін ішіне топырақ толтырып қалемшені сол ыдысқа отырғызады. Қалемшелейтін ыдыстарды жұмысқа пайдаланбас бұрын, марганцовканың ерітіндісімен жуып жіберу керек. Бұл  тазалық жұмысын екінің бірі атқармайтындықтан, қалемшелер тамырланбай солып қалады немесе түрлі саңырауқұлақты ауруларға ұшырайды. Сондықтан тұқымымен және қәлемшелеп көбейткенге бір рет қолданылатын пластмассадан жасалынған арнайы тор көзді жәшіктерді қолданған жөн.

Жапырағында ақ және қара ұнтақтар пайда болса, өсімдіктің сабағын дереу осы ауруға қарсы дәрілермен емдеу керек. Сабағының қараюы, өсімдіктің бойының өздігінен аласарып кетуі топырақтың құрамы дұрыс болмауынан. Демек тамырына үнемі су жиналып, тамыр жүйесі шіріп кетеді. Жиі суғару мен батпақты жерге отырғызғаннан түрлі аурулар пайда болады. Ең дұрысы — бақытгүлінің жас көшетінің түбіне құм салу немесе дөңестеу жерге отырғызу.  Сондай-ақ бақытгүлінің үйде өсірілген түрлеріне өсімдік биттері әуес болады.

 

Write A Comment