Гинкго (Ginkgo) – ежелгі мезазой заманынан ескерткіш болып біздің заманымызға жеткен өсімдік. Өте ерте заманнан келе жатқан гинкго Билоба ағашы шығыста жаңғыртудың және мәңгіліктің ағашы болып саналады. Гинкгоны ғалымдар «жұмбақ өсімдік»дейді. Себебі оның жемісі қылқанжапырақтылардыкі сияқты қабықсыз. Ал жапырағы кәдімгі бұтақты өсімдік сияқты күзде түсіп қалады. Жапырақтары жүрек тәріздес болғандықтан, қытай, жапон елдерінде оны «махаббат ағашы» деп атап кеткен. Оның жапырақтарын жас ғашықтар бір-біріне сыйға тартады екен. Күзге таман барлық жапырағы алтын түстес сарыға боялады.


Таралған аймағы: Оңтүстік Шығыс Азия құрлығы, Жапон елі және Қытай арқылы әлемнің түкпір-түкпіріне таралған. Қазақстанда өте сирек кездеседі.
Түрлері: гинкго ағашы жапырағының түсіне және пішініне қарай, бірнеше топқа бөлінеді. Соңғы уақытта гүлпаздар оның ала жапырақты түрін де өсіріп шығарды. Бірақ ала жапырақты «G. Bariegatta» гинкгосы әзірше Қазақстан жеріне жете қоймады. Өз отанында үлкен болып өскенімен, оның аласа бойлы түрлері де бар. Оларды парктерде, бақшаларда, аулаларда өсіреді. Гинкгоның жалғамалы (штамбовый) түрлерін де кездестіруге болады.
Бәріне мәлім, Жапон еліндегі «Хиросимо» атом зардабынан кейін, жалғыз гинкго қайта өңіп, өсіп қалпына келді. Сондықтанда шығар, жапондықтар гинкго ағашын қасиетті, киелі деп санап, соған табынады.


Гүлі: Мамыр – маусым айында гүлдеп , тұқымы қазан айында піседі. Аналықтың гүлі аталықтың гүлімен тозаңданған кезде, ерекше жағымсыз иіс бөлінеді. Артынша өрікке ұқсас жеміс береді.
Күтімі: суыққа, лас ауаға және басқада қолайсыз жағдайларға өте төзімді, шыдамды өсімдік болғандықтан, аса күтімді қажет етпейді.
Тұқымы арқылы арнайы жылыжайларда көбейтеді. Алғашында тұқымнан өскен көшет жай өседі де, биіктігі 1,5 — 2 метрге жеткен соң өсуі жылдамдайды. Қалемшелеу арқылы оңай көбейтіледі.
Қолданылуы: жапырағы мен жемісін дәрілік мақсатта қолданады. Жемісі жеуге жарамды, дәмі тұздылау, бірақ иісі жағымсыз. Осы тұқымды тұзды суға салып қойса, жағымсыз иісін жоғалтады. Иісі кеткен тағамды қуырып ұлттық тағам ретінде қытайлықтар көп қолданады.
Ауаны тазартатынын бағалайтындар гинкгодан жасыл қоршау да жасайды. Бұл өсімдікті тек аулаға ғана емес, саябақтар мен автокөлік жолының жиегіне көптеп отырғызған жөн.

Комментарии отключены.