Гүлстан туралы

«Гүлстан» Қазақстандағы алғаш қазақ тіліндегі, гүл әлемін насихаттаушы компания. Көгалдандыруды, гүл мәдениетін насихаттайтын Қазақстандағы қазақ тіліндегі жалғыз басылым – «Гүлстан» журналы 2005 жылдың наурыз айынан бастап жарық көріп келеді. Осы уақыт аралығында журналдың көгалдандыру саласына сіңірген еңбегі зор. Журнал негізінен республикадағы көптеген білім ошақтарының ұстаздарымен, оқушылармен, балабақшалармен тығыз байланыста, жасыл желек өсіру, оны күтіп-баптау, гүл мәдениетін дамыту, ландшафтық дизайн, табиғатты қорғау және экологиялық бағытта жұмыс  жасауда. «Гүлстан» журналы жылына бірнеше мәрте тұрақты түрде гүл мәдениетін насихаттап, халықтың көгалдандыру саласындағы сауатын арттыру, табиғатты қорғау және экологиялық проблемалардың алдын алу, мемлекетіміздің көркейіп, гүлденуіне үлес қосу мақсатында түрлі шаралар өткізіп отырады.

Туған өлкенің табиғатын сақтап, оның көгалдандыруын жоғары деңгейге көтеру өзекті мәселенің бірі. Осы орайда, «Гүлстан» Алматы облысының Кербұлақ ауданынына қарасты Нұрым, Аралтөбе, Басши ауылдарында көгалдандыру саласын дамыту мақсатында көптеген жұмыс жүргізуде.

Соңғы 6 жылда барлығы 200 000 астам ағаш және бұта түрлері отырғызылды. Оларға: терек бақ, алма бақ, батыр аналар бағы, қарағайлы бақ, мектеп және балабақшалар ауласының көгалдандыруы жатады.

11 жыл ішінде мекеменің жеткен жетістіктері:

  • 2005 жылы Республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік «Гүлстан» журналының ашылу салтанаты өтті. Журнал көгалдандырудың, экологиялық мәдениеттің қалыптасуы, табиғатты қорғау секілді тақырыптарды қозғап қоймай, басқа да өзекті тақырыптарды жазып келуде. 2015 жылы журналға 10 жыл толды;
  • 2008 жылы «Мектеп ауласын көгалдандыру» атты әдістемелік құрал жарық көрді;
  • 2010 жылы «Өсімдіктер әлемі» атты 58 кітапшадан тұратын, қазақ тіліндегі оқу-әдістемелік кешені жарық көрді;
  • Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Нұрым ауылында 2009 жылы мешіт алдына 2 гектар қарағайлы бақ отырғызылды;
  • 2009 жылдан бері Алматы облысындағы Нұрым, Аралтөбе, Басши ауыл мектептерінің ауласы көгалданды;
  • Басши ауылындағы Райымбек атындағы мектеп ауласында 3,5 гектарға «Өсімдіктер әлемі» атты ботаникалық бақ жасалды:  50 ағаштың түрі, 60 бұта түрі, 50 көпжылдық өсімдік түрі, кактус алқабы, қарағайлы бақ;
  • Басши ауылындағы балабақша ауласы көгалдандырылды;
  • 2011 жылы Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Басши ауылында Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне орай 20 гектар жерге терек бақ, 36 000 түп ағаш отырғызылды;
  • 2011 жылы Ұлыбритания, Оксфорд қаласында 36 мемлекеттен 200 делегаттар алдында Гүлстан істері туралы ақпарат айтылды. Виктория ханшайымының медалін иеленді;
  • 2012 жылы Алматы облысы, Кербұлақ ауданында 10 гектар жерге Көпбалалы аналар құрметіне арналып бақ жасалды.